ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖАҢҒЫРТУ – ҚАЗАҚСТАН ДАМУЫНЫҢ БАСТЫ БАҒЫТЫ
2012 жылғы, қаңтар
Астана - Қазақстан Республикасының жаңа елордасы
Астана (1998 жылдың 6 мамырына дейін - Ақмола) Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы 20 қазандағы Жарлығымен және Қазақстан Республикасы Парламентінің мақұлдауымен 1997 жылғы 10 желтоқсаннан бастап Қазақстан Республикасының астанасы болып жарияланды.
Қазақстанның жаңа елордасы – Астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусымда өткізілді.
1920 жылдан бастап Қазақстанның тұңғыш астанасы Орынбор қаласы (қазірде Ресей Федерациясындағы) болды.
1925 жылы Қазақстанның астанасы Қызылорда қаласына көшірілді.
Түрксіб құрылысы астананы Алматыға көшіруде басты себеп болды. Бұл заң жүзінде 1927 жылғы 3 сәуірде, іс жүзінде 1929 жылы жүзеге асырылды.
АСТАНА – Қазақстан Республикасының елордасы
Астананың аумағы 710,2 шаршы километр, тұрғындардың саны 2007 жылдың 1 маусымында – 584,8 мың адамды құрады.
Астана халықаралық іскерлік және мәдени орталыққа айналып келеді. Қалада әкімшілік, іскерлік, әлеуметтік-мәдени, ғылыми-білім беру және бизнес-орталықтардың, тұрғын үй кешендерінің, алдыңғы қатарлы мемлекеттер астаналарының стандарттарына сай келетін елордалық инфрақұрылым нысандарының құрылысы жанданып, бой көтерілуде. Әкімшілік орталық аймағында ҚР Президентінің резиденциясы, ҚР Парламенті мен Үкіметінің ғимраттары орналасқан. Елорданың іскерлік орталығында кеңселер мен компаниялар, сауда орталықтары, мейманханалар, ал әлеуметтік-мәдени орталығында театрлар, мұражайлар, демалыс орындары, спорт залдары, ойын-сауық орталықтары орналасады.
Астанадағы терең әрі кең көлемді өзгерістер әлемдік ұйымдар назарынан тыс қалмады. 1999 жылдың шілде айында елордамыз ЮНЕСКО-ның «Әлем қаласы» сыйлығына ие болды. 2003 жылы әлемдік «Moodys Investors Service» рейтингтік агенттігі қаламыздың кредиттік рейтингісін Ва3 –тен (тұрақты) Ва1 –ге (оң) дейін, бірден екі деңгейге көтерді.
Бүгінде елордамызды Мәскеу, Минск, Киев, Кишинев, Ташкент, Рига, Тбилиси, Баку, Каир, Исламабад, Берлин, Будапешт, Варшава, Вильнюс, Анкара, Гданьск, (Польша), Ушак (Түркия), Бангкок (Таиланд), Сеул (Корей Республикасы), Амман (Иорданиялық Хашимит Корольдығы) секілді әлемнің жиырма қаласымен достық және бауырластық қарым-қатынастар тығыз байланыстырады.
2000 жылдан бастап, Қазақстан елордасы Астана Мәскеу, Минск, Бішкек және тағы да басқа ЕурАзЭҚтің ірі қалалары мүшелік ететін, әлеуметтік және іскерлік қатынас саласында беделді ұйым болып табылатын Астаналар мен ірі қалалар халықаралық Ассемблеясына (ХҚА) мүше болды.
Қала жөнінде жалпы мәліметтер:
Құрылған жылы – 1832 ж.
Теміржол бекетінің атауы – Астана станциясы.
1961 жылғы дейін – Акмола қаласы.
1961 жылдан 1992 жылға дейін – Целиноград қаласы.
1993 жылдан 1998 жылға дейін – Ақмола қаласы.
1997 жылғы 20 қазандағы ҚР Президентінің Жарлығымен Ақмола қаласы Қазақстан Республикасының астанасы болып жарияланды.
1998 жылғы 6 мамырдағы ҚР Президентінің Жарлығымен Ақмола қаласының атауы Астана болып өзгертілді.
Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығы
Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы
"Қазақстан Республикасының астанасы туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995 жылғы 15 қыркүйектегi Заң күшi бар Жарлығына, "Қазақстан Республикасының астанасын көшiру туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң 1994 жылғы 6 шiлдедегi N 106 қаулысына сәйкес қаулы етемiн:
1. Ақмола қаласы 1997 жылғы 10 желтоқсаннан бастап Қазақстан Республикасының астанасы болып жариялансын.
2. Ақмола қаласының Қазақстан Республикасының астанасы ретiнде ресми тұсаукесерi 1998 жылғы 10 маусымда өткiзiлсiн.
3. Қазақстан Республикасының Үкiметi, Қазақстан Республикасы Президентiнiң Iс Басқармасы, Жоғары және орталық мемлекеттiк органдарды Ақмола қаласына көшiру жөнiндегi мемлекеттiк комиссия осы Жарлықтың орындалуын қамтамасыз ететiн болсын.
4. Осы Жарлық жарияланған сәтiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының Президентi
Н.Назарбаев
Алматы, 1997 жылғы 20 қазан